«АРДАҚТЫ ӘКЕ» ДЕГЕН МАРАПАТ ТАҒАЙЫНДАУ КЕРЕК – ЕРКЕН БОСТАНБЕКҰЛЫ

Әкелер институтын дамыту үшін еліміздің әрбір өңірінде Әкелер кеңесі құрылып, әр түрлі бағыттағы іс-шаралар жиі өткізілуі тиіс. Шымкент қалалық Әкелер кеңесінің төрағасы, алты баланың әкесі Еркен Бостанбекұлы осындай пікірде. Ол – Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы. Құқық қорғау органында қызмет істесе де ұл-қыздарының тәрбиесіне уақыт табады. Сонымен бірге өзі бастамашы болып құрған Әкелер кеңесінің жұмыстарын қоса атқарады. Бізге берген сұхбатында Е.Бостанбекұлы әкелердің отбасындағы рөлі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Айта кетейік, қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың гранты аясында әкелер институтын дамыту жұмыстарымен «EN BAQYTTY EL» қоры айналысуда. Қордың өткізген семинар, әлеуметтік тренингтер мен мастер-класстары қазақстандық әкелерге бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, басқалармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

– Ержан, сіздің әкелер кеңесі қатарына қосылып, осы бағыттағы жұмысқа белсенді араласуыңызға не түрткі болды?

– Бірінші әсер еткен дүние – еліміздегі ажырасу фактілерінің көбеюіп кетуі. Мен судья болып жұмыс істегендіктен қызмет бабында мұндай жағдайлармен көп ұшырасамын. Қалалық әкімдіктегі Жастар орталығының “Отбасы шуағы” жобасын бірлесе жүзеге асырғанбыз. Сөйтіп, әр сейсенбіде ажырасу бойынша сотқа шағым түсірген жанұялармен кездесу ұйымдастырып, әңгіме-дүкен өткізіп жүрдік. Жұмыс тобында Ішкі істер органдары инспекторлары, ұстаздар, мектеп директорлары, тағы басқа белсенді азаматтар болды. Міне, осы кісілер бастан өткен оқиғаларын, жұмыс барысында кездесетін проблемаларды, мектептегі балалардың ахуалын айтып, ажырасқалы жатқан жанұяларды райынан қайтаруға тырысады. Осындай жағдаяттардың тым көптігіне әкенің отбасындағы рөлі төмендеп кеткені де себеп болатынын ұғып, Әкелер кеңесін осы қалада қолға алайын деп шештім. Көбіне мектептерде мұғалімдермен, психологтармен тығыз әрекет етеміз. Бірінші мақсат – әкелердің бала тәрбиесіне араласуына ықпал жасау. Қазір ер азаматтар жұмыс бабымен бұл істен шет қалып жатады.

– Ажырасу демекші, көбіне қай тарап бірінші арыз береді?

– Тәжірибе көрсеткендей, әйел азаматтар бірінші болып арыз жазады. 70%-ы “күйеуім ұрады, алкоголь ішеді, ақша таппайды” деген шағым айтады. 10 пайызына ата-аналарының отбасының ішкі ісіне араласуы себеп болады. Осының бәрін анализ жасай келе, отбасына деген көзқарасы дұрыс емес әкелердің көп екенін байқадық. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашпаймыз. Содан кейін көбі бала тәрбиесін аналарға жүктеп қойған. Тек қаржы тауып, материалдық ресурстармен қамтамасыз етумен ер адамның жауапкершілігі шектелмейді. Сондықтан мұны міндетсінуге болмайды. Кейде отбасында ұрыс-керіс болғанда ер азамат ақша тапқанын алға тартады да, әйелінің үйде бала-шағаның тәрбие жұмысымен айналысып жатқанын, киімін тазалап, сабағын қадағалап отырғанын ұмытып кетеді. Бұл проблемаларды сотта татуластыру кезінде естіп жатамыз. Әйтпесе, жігіттер ашық айта бермейді ғой. Ауруын жасырған өледі деген рас.

– Ер азаматтардың көбіне жанұядағы проблемаларын, өз комплекстерін жасырып қалуының қандай кері әсері байқалады?

– Иә, жігіттер мұндай мәселелерді тар ортада талқылайды. Өзінің бір жақын досына айтса айтар немесе ол да жоқ. Ешкімнен ақыл сұрамайды. Сондықтан кейде ашуға салынып қате шешімдер қабылдап қояды. Және сол әрекетін дұрыс деп есептейді. Бір күні әйелі шағым түсірген еркек бізге сотқа келгенде “Сонда әйелім бір соққыға шыдай алмағаны ма? Соған бола ажыраспақ па?” деген пікір айтқан еді. Осы сөзді айтуға да арланбады. Ал анасының таяқ жеп жатқанын көру баланың психологиясына теріс әсер ететінін білеміз. Баланың тілінің шықпай немесе кекештеніп қалуының бір себебі де осы. Оның үстіне бала өскенде әкесінен көргенін істейді.

– Әкелердің отбасындағы рөлін, жанұялардағы татулықты арттыру үшін қандай ұстанымдарды негіз етіп алуымыз тиіс?

– Әкелер институты жұмысында негізгі қайнар көзіміз – қазақтың салт-дәстүрлері мен ұстанымдары болуы тиіс. Халқымызда әкенің жанұядағы рөлі, жауапкершілігі айқын белгіленіп қойған. Қазір біз, керісінше, теріс ұстанымдарға арқа сүйеп жүрміз. Мысалы, ата-аналар қызын күйеуге беріп алады да, ертең сәл кикілжің туа қалса “ішіме сыйған балам сыртыма да сыяды” деп қайтарып ажырата салады. Көп отбасының шырқы осылай бұзылады. Тағы бір мәселе – әйел балаларының көзінше күйеуін жерден алып, жерге салып ұрсып жатса, азаматтың қадірі төмендейді. Содан соң балалар әкелерін қалай сыйлайды?! Сондықтан ұрыс-керістің оңашада болғаны жөн. Осының бәрі енеден келінге айтылып отыруы тиіс қой. Өкінішке қарай сабақтастық үзіліп барады.

– Әкені сыйлау туралы айтып жатырсыз. Ал ер адамдардың балаларына неғұрлым жақын болуы үгін сіздер қандай жұмыс істеп жатырсыздар?

– Менің 3 балам мектепте оқиды. Ата-аналар жиналысына өзім қатысам. Бірақ жиналысқа мен секілді тұрақты келетін 2-3-ақ ер адамды білем. Қалғанының бәрі әйелдер. Олардың өзі толық келмейді. Жұмысты сылтауратып, телефон соғып ескерте салады. Сондықтан олар балаларының оқу үлгеріміне, араласатын ортасына қатысты проблемаларын дұрыс білмейді. Әйел заты егер мектепте баласының бұзықтық жасағанын естісе, әкесінен жасырып қалады. Мұның өзі бала-әке қатынасының еркін болуына кедергі. Осы себептен де біз жақында ата-аналардың бәріне мектепте Әкелер кеңесі жұмыс істейтінін, онлайн болса да жиі кездесулер өткізіп тұратынымызды түсіндірдік. Әке балаларымен әрқашан сырласып, уақыт бөлу керек. Сол кезде баланың белгілі бір дүниеге қатысты ой-пікірі қандай екенін біледі. Бізде балалар көбіне әкесінен қорқып, ойын ашық айта алмайды. Себебі, әке қатал деген стереотип әлі жойылмаған. “Әкеңе айтам, әкеңнің қас-қабағына қарай, әкең ұрсады” деген сыңайдағы сөздер екі отбасының бірінде айтылады. Бала мектептегі тәртіпсіздігін де әкесіне емес, достарына, анасына жеткізеді немесе жасырып қалады.

– Өзіңіз 6 баланың әкесісіз. Ұл-қыздарыңызға қалай уақыт бөлесіз?

– Мен балаларым өсіп келе жатқанда әрқайсымен қандай мамандыққа қызығатындары жөнінде ұдайы сөйлесіп отырамын. Олардың 9-10 оқып жүрген кезде қызығушылықтары өзгереді. Міне, осы кезде дұрыс бағыт-бағдар беріп, ақыл қосу маңызды. Демалыс күндері міндетті түрге бірге боламыз. Саябаққа барамыз немесе ашық табиғат аясында саяхат жасаймыз. Кейде сенбі күндері мектепке барып, сабақтарына қатысам. Партаның соңында отырып бақылаймын. Ұстаздармен қалай сөйлесетінін, достарымен қалай араласатынын көрем. Кейбіреулер осы әрекетімді түсінбейді. Бірақ бұл да маңызды. Оның үстіне ұстазды сынап сырттан тон пішкенге қарағанда бәрін өз көзіңмен көрген дұрыс.

– Әкелер институтының жұмысын күшейтуге байланысты алып-қосарыңыз бар ма?

– Әкелер институты Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Бұл құрылымның іс-шараларын республикамыздың әр аудан, ауылында жүргізуіміз керек. Себебі аймақтарда, әсіресе ауылдарда үлгі етуге тұрарлық мықты әкелер көп. Соларды насихаттап көрсетсек, басқалары да солар секілді болуға ұмтылады. Отбасындағы татулықтың мәнін түсіне бастайды. Мысалы, Қазақстанда әйелдерге “Батыр ана” атағы беріледі. Онымен салыстыруға келмесе де, басқаларға үлгі ету мақсатында “Ардақты әке”, “Құрметті әке” деген секілді марапаттар тағайындау керек деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рақмет!